Қазақстанда IEEE Kazakhstan Section ресми түрде құрылды: Astana IT University-дің жаһандық инженерлік қауымдастықтағы маңызды рөлі

Инженерия және жоғары технологиялар саласындағы әлемдегі ең ірі кәсіби ұйым — Электротехника және электроника инженерлері институтының (IEEE) Қазақстандағы өңірлік бөлімшесі — IEEE Kazakhstan Section құрылды. Ұлттық секцияның ашылуы -Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерінің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам.

Бұл бастаманың жүзеге асуына Astana IT University және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті елеулі үлес қосты, сондай-ақ IEEE Ukraine Section тарапынан қолдау көрсетілді. Аталған университеттер IEEE қызметін дамытуға арналған негізгі алаңдардың бірі ретінде танылып отыр. Жаңа секцияның төрағасы болып Astana IT University профессоры, PhD Еділхан Дидар тағайындалды.

Еділхан Дидар, IEEE Kazakhstan Section төрағасы, Astana IT University профессоры:

«IEEE Kazakhstan Section қазақстандық инженерлер мен зерттеушілерге IEEE-дің жаһандық сараптамасына, халықаралық кәсіби қауымдастықтарға және озық технологиялық тәжірибелерге тікелей жол ашады. Біздің мақсатымыз — инженерлік таланттарды дамытуға, ғылыми ынтымақтастық пен инновацияларға негізделген тұрақты платформа қалыптастыру. Бұл экожүйенің негізгі қозғаушы күштерінің бірі Astana IT University болмақ», – деп атап өтті.

Жаңа секция келесі негізгі бағыттардағы мамандарды біріктіреді:

  • электротехника және электроника;
  • ақпараттық технологиялар мен компьютерлік ғылымдар;
  • жасанды интеллект және деректерді талдау;
  • телекоммуникация және киберқауіпсіздік;
  • робототехника және сабақтас инженерлік салалар.

IEEE Kazakhstan Section кәсіби ортаны дамытуға, ғылыми зерттеулерді қолдауға, халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізуге, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға және қазақстандық ғалымдарды IEEE-дің жаһандық бастамаларына тартуға ықпал етеді.

Секция қызметінде IEEE International Conference on Smart Information Systems and Technologies (IEEE SIST) халықаралық конференциясы айрықша орын алады. Бұл форум жыл сайын Astana IT University базасында өткізіледі және Қазақстандағы осындай деңгейдегі жалғыз IEEE конференциясы болып табылады.

Андрей Александрович Белощицкий, Astana IT University ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры:

«Университетіміз бес жылдан астам уақыт бойы IEEE SIST конференциясының ұйымдастырушысы ретінде қызмет атқарып келеді. Бұл алаңда ғалымдар, инноваторлар мен индустрия мамандары жасанды интеллект, интеллектуалды жүйелер, үлкен деректерді өңдеу және цифрлық сервистер саласындағы қолданбалы шешімдерді талқылайды. Конференция бағдарламасы зерттеу нәтижелерінің таныстырылымдарын, техникалық сессияларды, шеберлік сабақтарын және өндіріс серіктестерімен кездесулерді қамтиды. IEEE Kazakhstan Section-ның құрылуы қатысушыларға кәсіби нетворкингті кеңейтуге, бірлескен зерттеулер жүргізуге және IEEE халықаралық жұмыс топтарына қосылуға жаңа мүмкіндіктер береді».

IEEE бүгінде әлемнің 190-нан астам елінде 500 мыңнан аса маманды біріктіреді. Қазақстанда ресми секцияның ашылуы елдің жаһандық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді және Astana IT University-дің инженерлік білім мен цифрлық инновациялардың жетекші орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.