AITU-дың SE-2218 тобының студенті Анида Миталипова Huawei ICT Competition 2024–2025 халықаралық байқауының глобалдық финалында жеңіске жетті. Финал 2025 жылғы 20–24 мамыр аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтті.
Байқау бес бағытты қамтиды: Practice (тәжірибе), Innovation (инновация), Programming (бағдарламалау), Challenge (сынақ) және Teaching (оқыту). Huawei ICT Competition — колледждер мен университеттердің студенттері мен оқытушыларына арналған жыл сайынғы халықаралық жарыс. Ол жаһандық алаң ретінде білім алмасуға, тәжірибе жинауға және заманауи технологиялар негізінде инновацияны дамытуға мүмкіндік береді.
Биыл байқаудың іріктеу кезеңдеріне 100-ден астам ел мен аймақтан 2 000-нан астам оқу орнынан 210 000-нан астам студент қатысты. Олардың ішінен үздіктер Practice, Innovation және Programming бағыттары бойынша финалда өнер көрсетті.
Huawei академиясының нұсқаушысы, ассистент-профессор Лаура Алдашева Анидаға жетекшілік етіп, оның жеңісіне зор үлес қосты.
Аниданы керемет жетістігімен құттықтаймыз!