Astana IT University
Меню

Навигация

.

Астанада медициналық жасанды интеллектке арналған HAQ MedHub инфрақұрылымы іске қосылды

Астана, 2026 жылғы 8 шілде. Astana Hub алаңында Қазақстан мен Орталық Азияда медициналық жасанды интеллектті дамытуға арналған коммерциялық емес инфрақұрылымдық жоба — HAQ MedHub ресми түрде іске қосылды.

Медициналық жасанды интеллектті дамытудағы басты мәселе – сапалы деректердің қолжетімділігі. Сапалы медициналық деректерсіз AI-модельдерді оқыту, алгоритмдердің дәлдігін тексеру және оларды клиникалық тәжірибеге енгізу мүмкін емес. Сонымен қатар медициналық деректер – кәдімгі технологиялық ақпарат емес. Олар пациенттерге, диагноздарға, зертханалық талдауларға, медициналық кескіндерге, тексерулерге және дәрігерлік шешімдерге қатысты ақпаратты қамтиды. Сондықтан мұндай деректерді пайдалану оларды міндетті түрде дербес мәліметтерден тазартуды (анонимдеуді), заң талаптарына сай қолжетімділікті, пациенттердің құқықтарын қорғауды, дәрігерлердің қатысуын және жауапкершіліктің нақты белгіленуін талап етеді.

HAQ MedHub жобасының іске қосылуы Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі күшіне енетін 2026 жылғы 11 шілде қарсаңында және дербес деректермен жұмыс істеуге қойылатын талаптардың күшеюі жағдайында жүзеге асырылуда. Бұл медициналық ұйымдар мен AI әзірлеушілері үшін деректерге иелік ету, оларды анонимдеу, қолжетімділік беру, келісімдерді рәсімдеу, ақпараттық қауіпсіздік және AI жобаларында деректерді пайдалану кезіндегі жауапкершілік мәселелеріне анағұрлым қатаң қарауды білдіреді.

Осы уақытқа дейін нарық бірізді инфрақұрылымсыз дамып келді. Клиникалар мен университеттердің медициналық деректері мен сараптамасы болғанымен, олар әзірлеушілерге деректерді қауіпсіз әрі заңды түрде ұсына бермейді. Стартаптарда инновациялық идеялар мен алгоритмдер бар, алайда сапалы деректерсіз олар өз модельдерін оқытып, валидациялай алмайды. Дәрігерлер клиникалық міндеттерді жақсы түсінеді, бірақ AI жобаларына қатысудың тиімді тетіктері әрдайым бола бермейді. Соның салдарынан көптеген перспективалы шешімдер презентациялар, пилоттық жобалар немесе зертханалық эксперименттер деңгейінде қалып, тәжірибелік енгізуге жетпейді.

HAQ MedHub осы қатысушылардың барлығын байланыстыратын жұмыс істейтін инфрақұрылым ретінде құрылды. Жоба медициналық ұйымдарды, университеттерді, дәрігерлерді, зерттеушілерді, AI әзірлеушілерін және medtech-стартаптарды біріктіріп, анонимдендірілген деректерді дайындаудан бастап датасеттерді белгілеуге, AI модельдерін тестілеуге, салалық талаптардан өтуге және шешімдерді денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізуге дейінгі толық экожүйені қалыптастырады.

«Медициналық AI-ды тек жақсы алгоритм арқылы дамыту мүмкін емес. Ол үшін сапалы деректер, дәрігерлер, кәсіби аннотация, заң талаптарына сай процестер, сараптама және шешімді тәжірибеге енгізудің нақты жолы қажет. HAQ MedHub осы элементтердің барлығын бір жұмыс істейтін жүйеге біріктіру үшін құрылып отыр», – деді HAQ MedHub негізін қалаушы Тоғжан Қожалы.

Жоба алты негізгі бағыттан тұрады: MedEx – AI модельдерін оқыту және тестілеуге арналған анонимдендірілген клиникалық деректер алмасу платформасы; MedLabel – салалық мамандардың қатысуымен медициналық деректерді аннотациялау және таңбалау сервисі; MedVentures – медициналық технологиялар стартаптарына арналған challenge-акселератор; MedAcademy – цифрлық медицина және медициналық AI саласындағы мамандарды даярлау бағдарламалары; MedEvents – кәсіби қауымдастыққа арналған іс-шаралар алаңы; MedAdvisory – медициналық AI, деректер, комплаенс және шешімдерді енгізу мәселелері бойынша консультациялық бағыт.

Іске қосылу рәсімі барысында HAQ MedHub командасы медициналық деректермен жұмыс істеу тәсілдерін, акселерациялық бағдарламаны, білім беру бағытын және клиникалар мен университеттермен ынтымақтастық механизмдерін таныстырды. Сондай-ақ e-Osmotr, Teri AI және Neuro Guard стартаптары өз өнімдерін масштабтау, реттеуші талаптардан өту және MedEx платформасы арқылы AI модельдерін оқыту сценарийлерін көрсетті.

Іс-шара қорытындысында HAQ MedHub университеттермен және медициналық ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл келісімдер Қазақстанда медициналық деректерді, дәрігерлік сараптаманы, ғылыми зерттеулерді және технологиялық шешімдерді біріктіретін кәсіби Health AI инфрақұрылымын қалыптастырудың негізіне айналады.

HAQ MedHub туралы
HAQ MedHub (Health AI Quality) – Қазақстан мен Орталық Азияда медициналық жасанды интеллектті дамытуға арналған коммерциялық емес қор және инфрақұрылымдық жоба. Ол медициналық ұйымдарды, университеттерді, дәрігерлерді, зерттеушілерді, әзірлеушілерді және стартаптарды біріктіріп, анонимдендірілген медициналық деректермен қауіпсіз жұмыс істеуге, датасеттерді дайындауға, AI модельдерін оқытуға және Health AI шешімдерін енгізуге мүмкіндік береді.

Сайт:
medhubhaq.ai

БАҚ үшін байланыс:

Шыңғыс Айнабеков
Тел.: +7 775 000 4424
E-mail: chingiz@medhubhaq.ai
Astana IT University