Astana IT University
Меню
.

Astana IT University-де түлектерге диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті

2026 жылғы 30 маусымда EXPO Конгресс-орталығында Astana IT University-дің Graduation 2026 салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Іс-шара университет түлектерін, оқытушыларды, ата-аналарды, құрметті қонақтар мен серіктестерді бір алаңға жинады.

Биыл университетті 1 846 түлек тәмамдады. Оның ішінде 1 578 студент бакалавриат бағдарламасын, ал 268 студент магистратура бағдарламасын аяқтап, диплом алды. Бұл күн жас мамандар үшін жаңа кәсіби және өмірлік кезеңнің бастауы болған маңызды белеске айналды.

Түлектерді Astana IT University Басқарма төрағасы – Ректор Альтаир Амангелдіұлы Ахметов құттықтап, бүгінгі күн олардың өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті. Ол университет қабырғасында алған білімдерін сенімді түрде қолданып, биік мақсаттарға ұмтылып, Қазақстанның цифрлық болашағын дамытуға өз үлестерін қосуға шақырды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге кәсіби қызметтерінде толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Түлектерді құттықтап, дипломдарды табыстауға арнайы шақырылған қонақтар – Спорттық бағдарламалау федерациясының Бас хатшысы Данабек Қалиаждаров, Armeta AI компаниясының негізін қалаушы Санжар Рахметжанов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агентігі Төрағасының орынбасары Бекіш Ұлан Абдилкаилұлы, сондай-ақ Цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің директор міндетін атқарушы А.С. Есенгелдина қатысты.

Мерекелік бағдарламаны AITU Dance Club пен AITU Music Club ұжымдарының шығармашылық қойылымдары толықтырды. AITU Music Club орындаған High Hopes (Panic! At The Disco) композициясы салтанатты кештің жарқын сәттерінің біріне айналды.

Кештің ерекше тосынсыйы ретінде танымал қазақстандық әнші Ayau өнер көрсетті. Оның әсерлі қойылымы түлектерге көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлап, мерекенің ең есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Қатысушылардың қуанышты жүздері, ыстық ықыласы мен шынайы эмоциялары бұл күннің ерекше маңызын айқындай түсті.

Astana IT University-дің 2026 жылғы бітіру салтанаты түлектер үшін студенттік өмірдің жарқын қорытындысы ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге толы өмір жолының бастауы болды.

Astana IT University-дің 2026 жылғы түлектерін шын жүректен құттықтаймыз! Алған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз кәсіби жетістіктеріңіздің берік негізіне айналып, биік белестерді бағындыруға, батыл идеяларды жүзеге асыруға және жаңа жеңістерге жетелеуіне тілектеспіз.
Astana IT University