
Astana IT University Бейжің қаласында өткен XXXI халықаралық білім беру көрмесіне қатысты

2026 жылғы 9–12 сәуір аралығында Astana IT University өкілдері Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өткен XXXI халықаралық білім беру көрмесіне қатысты. Университет атынан Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары және Жалпы білім беру пәндері мектебінің оқытушысы қатысты.
Көрмеге қатысудың мақсаты Astana IT University білім беру бағдарламаларын халықаралық нарықта ілгерілету, рекрутингтік агенттіктермен ынтымақтастықты дамыту, Қытайдан шетелдік талапкерлерді тарту және университеттің өңірдегі танымалдығын арттыру болды.
Көрме аясында Astana IT University ақпараттық стенді ұйымдастырылды. Онда келушілер университеттің білім беру бағдарламалары, қабылдау талаптары, оқу ақысы, грант алу мүмкіндіктері, сондай-ақ студенттерге арналған халықаралық бастамалар мен академиялық мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.

Іс-шараға қатысу нәтижесінде университет өкілдері әлеуетті талапкерлермен және олардың ата-аналарымен шамамен 100 консультация өткізді, сондай-ақ 10 рекрутингтік агенттікпен бірқатар кездесулер мен келіссөздер жүргізді. Қытайлық талапкерлер тарапынан ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, деректерді талдау және киберқауіпсіздік бағыттарындағы білім беру бағдарламаларына жоғары қызығушылық байқалды.
XXXI халықаралық білім беру көрмесіне қатысу Astana IT University-дің халықаралық қатысу аясын кеңейтуге, шетелдік ұйымдармен серіктестік байланыстарды нығайтуға және Қазақстанда білім алуға шетелдік студенттерді тартуға бағытталған маңызды қадам болды.