Astana IT University
Меню
.

Astana IT University College-де колледж түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті

Astana IT University College-де 2025–2026 оқу жылы түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті. Биыл колледжді 199 жас маман тәмамдады. Оның ішінде 179 түлек 06130100 «Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)» білім беру бағдарламасы бойынша, ал 20 түлек 06120100 «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)» мамандығы бойынша диплом алды.

Бұл айтулы күнді түлектермен бірге атап өтуге оқытушылар, ата-аналар, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, Қазақстанның жетекші компаниялары және колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты. Салтанатты рәсім оқу кезеңінің сәтті аяқталуын ғана емес, жас мамандардың кәсіби өміріндегі жаңа белестің басталуын білдірді.

Құрметті қонақтар мен жұмыс берушілер түлектерге жүрекжарды лебіздерін білдіріп, бүгінгі еңбек нарығында білікті IT-мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ олар жас мамандарға табысты мансап, үздіксіз кәсіби даму және жаңа жетістіктер тіледі.

Іс-шараға қатысқан құрметті қонақтар:

Надирбеков Тимур Даулетұлы — «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары;
Мұқанов Бауыржан Бірлесұлы — «Транстелеком» АҚ бұлттық сервистер жөніндегі басқарушы директоры;
Асылбек Нұржан Нұрғалиұлы — Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК Ақпараттық технологиялар департаментінің әзірлеу және әкімшілендіру бөлімінің басшысы;
Ақмамбет Ақбота Болатбекқызы — «Jas Ulan Team» республикалық еріктілер штабының жетекшісі;
Жақсылықов Қайрат Қуанышпайұлы — «TNK бағалау» ЖШС директорының орынбасары;
Пустовойтенко Виталий Васильевич — «E-KNOT» ЖШС директоры;
Ким Элина Сергеевна — «SeeVerse Studio» ЖШС жетекші үйлестірушісі.

Колледждегі білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – түлектердің жұмыс берушілер тарапынан жоғары сұранысқа ие болуы. Өндірістік практика қорытындысы бойынша үздік студенттер Қазақстанның жетекші ұйымдары мен компанияларынан жұмысқа орналасуға және әрі қарай ынтымақтастық орнатуға шақырту алды.

Салтанатты диплом табыстау рәсімі барысында ұйым өкілдері түлектерді жеке құттықтап, өз командаларына қосылуға шақырды.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК Исмағұлов Жарқын Маратұлы (ПО2301) мен Маулен Аспандияр Саметұлына (ПО2303) жұмысқа орналасуға ұсыныс жасады.

«Jas Ulan Team» республикалық еріктілер штабы Ахметова Диляра Нұрланқызына (ПО2303) ынтымақтастық туралы ұсыныс білдірді.

«E-KNOT» ЖШС өз командасына Жапаш Айсара Агенқызы (БҚ2304) мен Махмедхан Шұғылу Шарипханқызыны (БҚ2304) жұмысқа шақырды.

«SeeVerse Studio» ЖШС Ибрагимова Жанель Маратқызына (ПО2302) жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынды.

Бұл ұсыныстар Astana IT University College студенттерінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, олардың заманауи IT индустриясында табысты еңбек етуге қажетті білімдері мен тәжірибелік дағдыларының жеткілікті екенін айқын көрсетеді.

Колледж әлеуметтік серіктестеріне ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы, студенттерге көрсетіп отырған қолдауы және тәжірибеге бағытталған білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдіреді. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс студенттердің оқу барысында-ақ тәжірибе жинақтап, кәсіби құзыреттерін дамытып, болашақ мансабына сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.

Astana IT University College түлектерін диплом алуларымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдарыңыздан қызықты жобалар, үлкен жетістіктер, табысты мансап және жаңа мүмкіндіктер ашылсын. Алға қойған мақсаттарыңызға нық қадам басып, өз салаларыңыздың білікті әрі сұранысқа ие мамандары атануларыңызға тілектеспіз.
Astana IT University