Astana IT University
Меню
.

Astana AI Week 2026: Астанада жасанды интеллектке арналған ең ірі халықаралық апталық өз мәресіне жетті

7–9 шілде аралығында alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстандағы жасанды интеллект саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі – Astana AI Week 2026 өтті. Іс-шараға 400-ден астам ғалым, әзірлеуші, студент, бизнес, мемлекеттік ұйымдар өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.

Іс-шараны Astana IT University, Астана қаласының әкімдігі, Astana Innovations, IEEE Kazakhstan Section және Qaz.AI ұйымдастырды. Форум Young Researchers Alliance, Astana Hub, alem.ai, Qazaq Oil, Kazakhmys және HAQ MedHub серіктестерінің қолдауымен өтті.

Үш күн бойы қатысушылар жасанды интеллектті дамытудың негізгі бағыттарын талқылап, инновациялық әзірлемелерін таныстырып, тәжірибе алмасты және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қарастырды. Форум бағдарламасына сарапшылық сессиялар, әлемдік деңгейдегі спикерлердің баяндамалары, AI әзірлемелерінің көрмесі, технологиялық шешімдердің таныстырылымдары, нетворкинг және «Өнеркәсіп» пен «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша AI Hackathon кірді.

Форумның басты оқиғаларының бірі – медициналық ұйымдарды, университеттерді, зерттеушілерді, дәрігерлерді және AI әзірлеушілерін қауіпсіз Health AI шешімдерін әзірлеу мен енгізу үшін біріктіретін алғашқы инфрақұрылымдық платформа – HAQ MedHub-тың ресми іске қосылуы болды. Жаңа жоба сапалы деректерді, ғылыми сараптаманы және заманауи технологияларды біріктіріп, цифрлық медицинаны дамытуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға арналған бірыңғай алаңға айналады.

Форумның екінші күні жасанды интеллекттің денсаулық сақтау саласында қолданылуына арналды. Сарапшылар нейротехнологиялар, интеллектуалды оңалту, протездеу және цифрлық медицина салаларындағы озық әзірлемелерді таныстырды. Astana IT University ұсынған жобалардың қатарында адамның эмоциялық күйі мен шаршау деңгейін анықтау үшін ми сигналдарын жасанды интеллект арқылы талдайтын NEUROPRO жүйесі көрсетілді. Сонымен қатар қатысушыларға экзоскелеттер, ЭЭГ негізіндегі нейрооңалту және дәрігерлерге медициналық деректерді жылдам талдап, шешім қабылдауға көмектесетін AI технологиялары таныстырылды.

Astana AI Week-тің үшінші күні өнеркәсіп пен бизнестің цифрлық трансформациясына арналды. Қатысушылар өндірістік процестерге жасанды интеллектті енгізу, интеллектуалды робототехника, кәсіпорындарды автоматтандыру және экономиканың түрлі салаларына арналған заманауи цифрлық шешімдерді талқылады. Форумның қорытындысы ретінде AI Hackathon финалы өтіп, командалар үш күн ішінде әзірлеген практикалық жобаларын ұсынды.

Astana IT University жанындағы «AI» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Бейбіт Әбдікеновтің айтуынша, адами капитал мен инновацияларды дамыту университеттің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.

«Адами капитал мен инновацияларды дамыту – стратегиялық маңызы бар міндет. Біз Астананы инновациялар қаласы ретінде қалыптастыруды көздейміз және бұл бағытта өнеркәсіп пен денсаулық сақтау салаларындағы жасанды интеллектті дамытуға ерекше назар аударамыз. Astana AI Week студенттерге, ғалымдарға және барлық мамандарға ашық алаң болып табылады. Мұнда білім алмасуға және болашақ технологияларын бірлесіп дамытуға мүмкіндік беріледі», – деді Бейбіт Әбдікенов.

Astana AI Week 2026 аясында ұсынылған үздік жобаларды тәжірибеге енгізіп, оларды ауқымды деңгейде дамыту жоспарлануда. Бұл перспективалы идеяларды Қазақстан экономикасы мен қоғамының дамуына үлес қосатын нақты технологиялық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.

Astana AI Week 2026 тағы да Astana IT University-дің Қазақстандағы жасанды интеллект, ғылым және инновацияларды дамытудағы жетекші орталықтардың бірі ретіндегі рөлін айқындап, білім беру, ғылым, мемлекет және индустрияны біріктіре отырып, болашақ технологияларын дамытуға қосып отырған үлесін көрсетті.
Astana IT University