Astana IT University
Меню
.

Astana IT University-де Жасанды интеллект бойынша жазғы мектеп (AI Summer School) басталды

15–21 маусым аралығында Астанадағы Astana IT University базасында Қазақстан, Еуропа, АҚШ және Қытайдан келген жетекші сарапшыларды, зерттеушілерді, оқытушыларды және индустрия өкілдерін біріктірген алты күндік Жасанды интеллект бойынша жазғы мектеп (AI Summer School) өтуде.

Қатысушылар жасанды интеллект саласындағы заманауи жетістіктермен, цифрлық трансформацияның әлемдік үрдістерімен, AI этикасы мен басқару мәселелерімен танысып, сондай-ақ технологияларды экономикада, бизнесте, мемлекеттік басқаруда, білім беру мен ғылыми зерттеулерде қолданудың практикалық мысалдарын зерделеуде.

Жазғы мектептің негізгі мақсаттары – басшылардың цифрлық сауаттылығы мен басқарушылық құзыреттерін арттыру, оқытушыларды этикалық қағидаларды ескере отырып жасанды интеллектті білім беру үдерісіне енгізуге даярлау, әртүрлі салаларда AI қолданудың нақты тәжірибелерін көрсету, сондай-ақ практикалық міндеттерді шешуге бағытталған мықты жобалық командаларды қалыптастыру.

Astana IT University ректоры Ахметов Альтаир Амангелдіұлы мұндай білім беру бастамаларының маңыздылығын атап өтті:

«Бүгінде жасанды интеллектті қолдана білумен қатар, оның мүмкіндіктері мен шектеулерін де түсіну маңызды. AI үлкен көлемдегі деректерді талдай алады, ғылыми зерттеулерге көмектеседі және күнделікті қайталанатын процестерді автоматтандырады. Алайда сыни ойлау, ғылыми этика, шығармашылық көзқарас пен көшбасшылық тек адамға тән қасиеттер болып қала береді. Біздің Жасанды интеллект бойынша жазғы мектебіміз дәл осы технология мен адамның үйлесіміне арналған».

Бағдарлама аясында қатысушылар жетекші университеттердің профессорларының, тәжірибелі зерттеушілердің және жаһандық технологиялық компаниялар өкілдерінің дәрістері мен шеберлік сабақтарына қатысып, жобаларды басқару мен шешім қабылдауда AI қолдану, қаржы, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы AI мүмкіндіктері, сондай-ақ машиналық оқыту, терең оқыту және мультиагенттік жүйелердің заманауи тәсілдерімен танысады.

Жазғы мектептің алғашқы күні мазмұнды баяндамаларға, кәсіби пікірталастарға және жаңа таныстықтарға толы болып, қатысушылар арасындағы одан әрі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға берік негіз қалады.

Бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушыларға 72 академиялық сағатты меңгергенін растайтын сертификаттар табысталады.
Astana IT University