Astana IT University
Меню
.

AI Summer School 2026 Astana IT University-де сәтті аяқталды

2026 жылғы 15–21 маусым аралығында Astana IT University базасында Қазақстан, Еуропа, АҚШ және Қытайдан келген жетекші сарапшыларды, зерттеушілерді, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерін, сондай-ақ студенттерді біріктірген үшінші халықаралық AI Summer School 2026 жасанды интеллект бойынша жазғы мектебі сәтті өтті.

Жазғы мектептің өткізілуі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ерекше маңызға ие болды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуы қажеттігін атап өтіп, жасанды интеллектті енгізу экономиканы, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік саланы дамытудың негізгі факторларының бірі екенін айтты. Бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі – заманауи AI технологияларымен тиімді жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандарды даярлау.

Осы міндеттерге жауап ретінде NNEF қоғамдық қоры мен құрамына Astana IT University, ҚБТУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) және UIB кіретін University Alliance of Science and Technology университеттер альянсы AI Summer School 2026 халықаралық білім беру алаңын ұйымдастырды. Бағдарлама жасанды интеллект технологияларын тәжірибеде қолдануға бағытталды.

Бес күн бойы қатысушылар жасанды интеллекттің заманауи бағыттарын зерттеп, дәрістерге, практикалық воркшоптарға, пікірталастарға және командалық жобаларға қатысты. Бағдарлама Generative AI, Agentic AI, Multi-Agent Systems, AI Governance бағыттарын, сондай-ақ жасанды интеллектті денсаулық сақтау, қаржы, білім беру, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында қолдану мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар AI-агенттерді әзірлеу мен пайдалану, цифрлық сауаттылықты дамыту, басқарушылық құзыреттер мен пәнаралық командалық жұмысты жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Жазғы мектептің маңызды оқиғаларының бірі MIT BootCamp болды. Бағдарламаны MIT Institute for Data, Systems, and Society (MIT IDSS) институтының негізін қалаушы әрі алғашқы директоры, профессор Munther A. Dahleh жүргізді. Қатысушылар мемлекеттік басқару, бизнес және ғылыми зерттеулер саласында жасанды интеллектті енгізудің әлемдік тәжірибесімен жетекші халықаралық сарапшыдан тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды.

«Бүгінде жасанды интеллектті жай ғана пайдалану емес, оның мүмкіндіктері мен шектеулерін түсіну маңызды. Жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді талдап, ғылыми зерттеулерге көмектесіп, күнделікті қайталанатын процестерді автоматтандыра алады. Алайда сыни ойлау, ғылыми этика, шығармашылық көзқарас пен көшбасшылық – адамға ғана тән қасиеттер. Біздің жазғы мектеп дәл осы технология мен адамның үйлесімділігіне арналған», – деді Astana IT University ректоры Альтаир Ахметов.

Astana IT University-дің MIT университетімен серіктестігі Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Университет Еуразия кеңістігінде алғаш рет MIT IDSS Strategic Partnership in Education бағдарламасының серіктесіне айналып, қазақстандық мамандарға жасанды интеллект пен деректер ғылымы саласындағы озық білім беру бағдарламалары мен халықаралық сараптамаға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

AI Summer School 2026 Astana IT University-дің жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласында жоғары білікті мамандар даярлайтын жетекші орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады. Жазғы мектеп білім алмасу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыратын жаңа буын мамандарын даярлау алаңына айналды.
Astana IT University