2025 жылғы 27 сәуірде Rixos Borovoe қонақүйінде Ұлыбритания мен Қазақстан университеттері арасында «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша екі дипломды білім беру бағдарламасын әзірлеу жобасы шеңберінде білім беру және ғылыми ынтымақтастық мәселелеріне арналған стратегиялық кездесу өтті. Іс-шараны Astana IT University өндірістік және академиялық қауымдастықтың негізгі серіктестерінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара бағдарламасы
Кездесу қатысушыларды салтанатты қарсы алудан басталды. Жобаның жетекшісі Лейла Салықова іс-шараны ашып, университеттер, индустрия және ғылыми орталықтар арасындағы серіктестік байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушыларға құттықтау сөздермен сондай-ақ:
— Сауле Аманжолова – Astana IT University Зияткерлік жүйелер және киберқауіпсіздік департаментінің директоры;
— Джеральд Фельдман – Birmingham City University-дің Компьютерлік инженерия колледжіндегі (CEBE) трансұлттық білім беру мәселелері бойынша академиялық жетекшісі, қауымдастырылған профессор;
— Лейла Рзаева – CyberTech Ғылыми-зерттеу орталығының директоры;
— Балжан Әзібек – Astana IT University аға оқытушысы, Академиялық комитеттің техникалық хатшысы, сөз сөйледі.
Іс-шараның жылы қабылдануы мен кәсіби атмосферасы одан әрі бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды дамыту үшін берік негіз қалады.
Болашақ ынтымақтастық бағыттары
Қатысушыларға ынтымақтастықтың негізгі бағыттары таныстырылды:
— Академиялық бағдарламаларды дамыту: Киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект саласындағы оқытудың заманауи тәсілдері талқыланды, нарық қажеттіліктері мен технологиялық даму үрдістері ескерілді.
— Екі дипломды бағдарламалардың концепциясы: Студенттерге екі университеттің дипломдарын бір уақытта алуға мүмкіндік беретін бірлескен бағдарламаларды іске асыру тетіктері ұсынылды.
— Оқыту және тағылымдамалар форматтары: «2+1» және «1+2» білім беру траекторияларын интеграциялау үлгілері, бірлескен курстар өткізу, академиялық алмасулар және халықаралық тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Ғылыми ынтымақтастық мәселелері
Кездесу барысында ғылыми ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді:
— Гранттық жобаларға қатысу: Ұлттық және халықаралық гранттарға бірлескен өтінімдерді әзірлеу перспективалары талқыланды.
— Индустриалды магистратура және PhD бағдарламаларын әзірлеу: Саланың нақты қажеттіліктеріне бағытталған білім беру траекторияларын құру бастамалары ұсынылды.
— Бірлескен зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру: Бірлескен зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерді жүргізу үшін инфрақұрылым құру жоспарланды.
Кездесу нәтижесінде нақты іске асыру мерзімдері, бақылау нүктелері және жоба қатысушылары арасындағы жауапкершілік аймақтары белгіленген іс-қимыл жоспары келісілді.
Қатысушылар құрамы
Кездесуге келесілер қатысты:
— Astana IT University және Birmingham City University жобалық және ғылыми бөлімдерінің басшылары;
— Astana IT University Зияткерлік жүйелер және киберқауіпсіздік департаментінің өкілдері: Сауле Аманжолова, Лаура Алдашева, Самат Муханов және Балжан Әзібек;
— Ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік саласындағы жетекші компаниялардың өкілдері: «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ, Acronis, ADT Security, MSSP.Global, TSARKA, сондай-ақ халықаралық Project SEKAI жобалық командасы (Қытай, Норвегия, АҚШ).
Академиялық және салалық сарапшылардың кең ауқымды қатысуы білім беру және ғылыми ынтымақтастық перспективаларын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесудің аяқталуы
Іс-шараның іскерлік бөлімінен кейін қатысушылар Бурабайға экскурсия жасап, кейін делегация кері Астанаға аттанды.
Astana IT University барлық қатысушыларға белсенді қатысуы, конструктивті диалогы және бірлескен бастамаларды дамытуға ұмтылысы үшін шынайы алғысын білдіреді. Университет білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға деген өзінің берік ұстанымын растайды.
Болашақты бірге жасаймыз — бүгіннен бастап!