31 наурыз күні Astana IT University-де «Миграцияның социологиялық өлшемдері» атты семинар өтті

Шара аясында үш спикер сөз сөйлеп, миграцияны зерттеудің теориялық, білім беру және қолданбалы қырларын талқылады.

Айгүл Забирова, әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері, қазіргі миграция кедейлікпен емес, жақсы өмір сүру мен мансаптық мүмкіндіктерге ұмтылумен байланысты екенін атап өтті. Классикалық теориялардың орнына жаһандық белгісіздік пен цифрлық мобильділікті сипаттайтын жаңа тұжырымдамалар келуде. Disposable people — адамның тез ескіретін ресурсқа айналу феноменіне ерекше назар аударылды.

Қаламқас Есимова, антропология магистрі, «Қоғамдық пікір» институтының аға ғылыми қызметкері, Astana IT University оқытушысы, Оңтүстік Кореяға білім мақсатында қоныс аударатын студенттер жайлы зерттеу ұсынды. Елдің тартымдылығына қарамастан, студенттер қаржылық, тілдік және мәдени тосқауылдарға тап болады. Кореяның иерархиялық құрылымы қазақстандық студенттер үшін бейімделуге кедергі келтіруі мүмкін.

Әсем Құсманова, әлеуметтану мамандығы бойынша Ph.D кандидаты, Astana IT University оқытушысы, «Оңтүстік–Солтүстік» бағдарламасын мысалға ала отырып, миграциялық саясатты бағалауға арналған баяндама жасады. Ол тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, қоныс аударушылардың мотивациясы, жергілікті халықтың реакциясы мен ұзақ мерзімді бейімделу деңгейін де есепке алу қажеттігін айтты.

Қорытындылай келе,семинар миграцияны зерттеуде сандық және сапалық әдістерді біріктіретін кешенді көзқарастың маңыздылығын көрсетті.